Эфирде

Бағдарламалар кестесі
05:00 «Ән тыңдайық»
Ары қарай
06:00 Әнұран
06:02 «Қайырлы таң, Қазақ елі»
06:03 Аңдатпа

Біздің тарихымыз

Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы - Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан бүкіл Республикаға трансляция беріле бастады.
 
Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы – еліміздің ең ірі жүйесі болып табылады. Біздің Ұлттық арна республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғыстанның шекаралық аймақтарына жетеді. Сондай-ақ, «Шалқар» Ұлттық арнасының хабарлары еліміздің ірі қалаларына таратылады. Ал, қазіргі кезде интернеттегі парақшамыз  арқылы Қазақ радиосының хабарларын онлайн режимінде тыңдауға болады.
 
Егемен Қазақстандағы демократиялық қайта жаңғыруларды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы ілгерілеушіліктерді шынайы тұрғыда көрсету - Ұлттық арна ретінде Қазақ радиосының басым бағыты болмақ. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа бейнесін жасау - Қазақ радиосының негізгі міндетіне жатады. Біздің арнаның алдында мемлекеттік саясатты елді-мекендердің барлығына, алыс түкпірлерге шапшаң жеткізу міндеті тұр. Сол сияқты көпшіліктің ой-пікірлері мен ұсыныстарын билік басындағы құрылымдарға батыл жеткізу де жұмысымыздың негізгі арқауына айналған.
 
Қазақ радиосы жас мемлекеттің құрылысы мәселесіне жете көңіл бөліп келеді. Мұнда ең әуелі жаңа жұмыс орындары, отандық өндірістің дамуы, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес мәселелері, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан экономикасының ілгері басуы және отандастарымыздың тұрмыс-жағдайының жақсарып келе жатқандығы жан-жақты әңгімеленеді.
Біздің радиомыздан қазақ, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілдеріндегі бағдарламалары әуе толқынына шығады.
 
Электронды БАҚ арнасынан Қазақ радиосы көрнекті орын алады. Біз әр сағаттың басында берілетін жаңалықтар топтамасына айрықша көңіл бөлеміз. Тыңдаушылар арасында күн сайын қазақша және орысша берілетін таңдамалы бағдарламалар, Қазақстанда шығатын газеттер мен жорналдарға жасалатын шолулар кеңінен танымал.
 
Бүгінгі таңда Қазақ радиосы өзінің форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция болып отырғаны радиотыңдаушы қауымға белгілі. Қазақ радиосының музыкалық форматы ұлттық және Қазақстандық музыкадан тұрады. Бұл формат бізге қазақстандық вокал мен операның шеберлерін ғана емес, әлемдік классика мен бүгінгі таңдағы музыканың барлық бағыттарын /рок, кантри, джаз, хит және т.б./ сөз ететін музыкалық бағдарлама жасауға еш кедергі келтірмейді.
 
Мерзімді баспасөз беттерінде шетел әлеуметтанушылары жазғанындай, газеттер мен журналдардың, тіпті, ең тәуір деген телеарналардың таралымынан радиостанциялардың таралуы жоғары болғандықтан, радиожарнаманың артықшылықтары айқын көрініп тұрады.