Елбасы қабылдауында болды
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Өмірбек Бабановты қабылдады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселесі, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаевты қабылдады. Бас прокурор Президентті еліміздегі заңдылық пен құқық тәртібінің жай-күйі, өзекті қылмыстық істердің тергелу барысы туралы хабардар етті. Сондай-ақ, бүгін Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәліні қабылдады. Бас мүфти Президентті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы туралы хабардар етті. Кездесу барысында елдегі жалпы діни жағдай және конфессияаралық және этникааралық келісімді одан әрі тереңдету мәселесі талқыланды.
Ош қаласында қазақ мектебі салынады
Қазақстан Қырғызстанның Ош қаласында жаңа мектеп салады. Бұл туралы бүгін еліміздің Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстан Премьер-министрі Өмірбек Бабанов мәлім етті. «Қазақстан Президенті біздің елдің Оңтүстік өңірін қолдау мақсатында Ош қаласында қазіргі заманғы мектеп салу туралы шешім жасады. Біздің тарапымыздан жер телімі бөлініп, инфрақұрылым жасақталатын болады», - деді Ө.Бабанов. Айта кетейік, Қырғызстан Премьер-министрі кеше Астанаға жұмыс сапарымен келген болатын.
Әсет Исекешев ресми сапармен ШҚО-да болды
Еліміздің индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды, деп хабарлайды BNews.kz сайты. Өскеменде министр жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқан бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралады. «Шығысмашзауыт» АҚ-ның жұмысымен танысты. Түрлі дайын металл бұйымдар мен құралдарды шығарумен айналысқан кәсіпорын енді вагон құю өндірісін игеруге дайындалуда. Екі жыл ішінде Индустрияландыру картасы аясында аймақта 21 жоба іске қосылды. Биыл олардың санын тағы 8 жобамен арттыру көзделіп отыр.
Мәдениет
Қазақстанда «Сорос-Қазақстан қорының» қолдауымен «Саңыраулар театры» құрылды
Ұйымдастырушылардың айтуынша, театрды ашудағы негізгі мақсат – құлағы нашар еститін жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, дарынды жастарға қолдау көрсету. «Есту қабілеттері нашар жеті баладан театрлық труппа ұйымдастырдық. Жастарды өнердің осы түріне тарту - олардың бойындағы шығармашылық әлеуетті ашуға, әртістік кәсіптің қыр-сырын меңгерулеріне мүмкіндік туғызады», - деді жобаның авторы Ақбала Мұхаметғалиева.
Мәжит Бегалиннің туғанына 90 жыл толды
Бүгін әйгілі кино режиссері Мәжит Бегалиннің туғанына 90 жыл толды. Осыған орай Алматыда Мәжит Сапарғалиұлы бүкіл шығармашылық қызметін арнаған «Когда душа не может молчать» деп аталатын деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, Алматыдағы №120 мектепте әйгілі режиссердің мұражайы ашылды. Мұражайға оның фотосуреттері мен барлық жұмыстары қойылған. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жәдігерлер арасында әйгілі кино саңлағының тұтынған заттары мен киімдері де бар. Мерекелік іс-шараға режиссердің жақындары мен туыстары, киностудия өкілдері мен еліміздің зиялылары қатысты.



