Алматыда кембағал балаларға арналған қашықтан оқыту жобасының тұсауы кесілді. Шарапаты зор бағдарлама біздің елде алғаш қолға алынып отыр. Енді жобаның шеңберінде 20 бала 6 ай көлемінде Ұлттық бірыңғай тестке дайындалып, қалаған мамандығы бойынша оқуға түсуге мүмкіндік алады. Елімізде бүгінде 50 мыңнан астам 18 жасқа дейінгі жарымжан бала арнайы тіркеуде тұр. Алдағы уақытта олардың барлығына білім беру үшін қашықтықтан оқыту жобасын жетілдіру қолға алынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова сөзімізді нақтылай түседі:
Мүгедектерге арналған жаңа концепция, қоғамға ыңғайластыру концепциясы, адаптация жасау енді-енді қолға алынып жатыр. Соның бірі – балаларды оқыту, оларға мамандық беру мәселесі. Сондықтан қандай да бір істі бастағаннан кейін, оны пилот ретінде көріп, оның қандай кемшіліктері бар, қай жерге көңіл бөлу керек, қалай методология жағын дамыту керек, соны біліп алуымыз керек.



