Мырзатай Жолдасбековтың төрт кітабы жарыққа шықты

10:15, 1 шілде 2017   136

ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» және «Барыс» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, Қорқыт Ата мұралары бойынша ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтың 80 жылдығына орай «Фоллиант» баспасынан жарық көрген «Дүние шіркін...», «Кісілік кітабы», «Күндерімнің куәсі» және «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Академик Өмірзақ Айтбайұлы, жазушы Смағұл Елубай, ақын Шөмішбай Сариев, жазушы-публицист Әлібек Асқар, ақын Марфуға Айтқожина, қоғам қайраткері Асылы Осман, танымал ғалым Айгүл Ісімақова, жазушы Рафаэль Ниязбек, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының өкілі Амантай қажы және басқа да белгілі ақын-жазушылар, баспагерлер, қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар қатысқан айтулы жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин әңгіменің әлқиссасын: «Мұхтар Әуезовтың шәкірті болған ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілік етуімен сына таспен қашалып жазылған, қазақ үшін қасиетті саналатын көне жәдігер Орхон-Енисей жазуларын зерттеу ісіне алғаш болып түрен салып, қазақ халқының, әдебиетінің мыңдаған жылдық тарихын кеңестік билікке дәлелдеп берген Мырзатай Жолдасбеков ағамыз қандай мақтауға да лайық. Мырзекең Сүйінбай, Жамбыл, Кенен туындылары арқылы қазақ ауыз әдебиетінің сол кезеңдері туралы да үлкен зерттеу жүргізіп қана қоймай, әдебиетімізді, ұлтымыздың ұлы тарихын зерттеу ісін алға сүйрей білген ғалым», – деген жылы лебізімен бастады.       

Шығармалары арқылы адамзаттың өмірге деген махаббатын, сүйініші мен күйінішін жырлап, жүрек қылын қозғауға ұмтылған руханият жанашыры Мырзағаңның өнерсүйер қауымға, музыкатанушы мамандар мен жалпы көпшілікке арналған «Дүние шіркін...» атты кітабына толғаныстан туған авторлық ән-күйлері енген. Ғалымның былайғы жұрт көп біле бермейтін композиторлық қырына, ән мен күй өнеріне қосқан өзіндік қолтаңбасына осы кітап арқылы көз жеткізсеңіз, «Кісілік кітабы...» атты тағы бір кітабы арқылы «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып» деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген автор ізденісін көресіз. Кітапқа Мырзатай Жолдасбековтың мемлекеттік мүдде, адамгершілік, кісілік турасында түрлі жиында сөйлеген сөздері мен «Егемен Қазақстан» газетінде әр жылдары жарияланған мақалалары енген. Жазушы Смағұл Елубай осы кітап жайында: «Бойына Тоныкөк бабамыздың тектілігі қонған, болмысынан тәуелсіздіктің Тоныкөгіндей болған Мырзағаңның тәуелсіздік жайлы толғаулы сөздері, жұрт көкейіндегі мәселелерді тап басып айтып, дер кезінде көтере білген көреген ойлары енген «Кісілік кітабы» – болашаққа аманат болып жететін, тәуелсіз Қазақстанның рухын, мақсаты мен мұратын, халық даналығын әдемі әдеби тілмен жеткізген кітап», – деп өз пікірін білдірді.

«Қазақстан» газетінің биылғы бірқатар санында үзінділері жарияланып, халыққа таныстырылған «Күндерімнің куәсі...» атты күнделікке негізделген кітабында автор ел тарихы, ел тағдыры, тәуелсіздік тағылымы, заман, қоғам, өмір, адамгершілік, жер, дін, тіл туралы терең тебіренеді, оқушысымен сырласады. Тәуелсіздігіміздің шежіресі деуге тұрарлық бұл күнделік-кітапты оқығысы келген оқырман әдебиет ақтаңгерінің жан-дүниесімен, бітім-болмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алмақ. Осы орайда, тіл жанашыры, ғалым Өмірзақ Айтбайұлы «Елбасының сенімін ақтай білген, осы кітап арқылы кемелдігінің кескінін танытқан» Мырзағаң болмысына тоқталып, өз естеліктерімен бөлісті. «Сонау 89-шы жылдары ана тіліміздің хәлі мүшкіл шағында бәрімізді тіл майданына жетектеп әкеп қосқан Әбдуәли Қайдар ағамыз бас болып, Қоғам құрғанымызда да ең алдымен қол ұшын созған, сол жылдың 21 қыркүйегінде «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып бекіп, үлкен жеңіске жеткенімізде де сол жеңістің басы-қасында Өзбекәлі Жәнібеков пен Мырзекең жүріп еді. Егер осы кісілердің табандылығы болмағанда, бұл күнге жете алар ма едік...» – дей келе, М.Жолдасбековты «Ана тілі» халықаралық медалімен марапаттады.

Ал, белгілі жазушы Болат Бодаубайдың құрастыруымен шыққан, екі кітаптан тұратын, сыр-сұхбатқа құрылған «Таңғаламын өмірдің ғажабына...» атты романда ұлт мұраты жолында ғұмыр бойы жан аямай қызмет етіп келе жатқан Мырза-ағаның күреске, ғибратқа толы өмір жолы көркем тілмен кестеленеді. Болат Бодаубай бұл кітаптың 2011 жылы «Егемен Қазақстанда» жарияланған Мырзатай Жолдасбеков туралы «Алдымызда ағалар бар аймаңдай» деген үлкен мақаласынан кейін сол тұстағы газет президенті Сауытбек Әбдірахмановтың ұсынысы бойынша дүниеге келгенін атап өтті. Мырзағаңмен сұхбат ретінде шыққан кітаптың бес жыл бойы қалай жазылғандығы туралы айта келіп, автор Жолдасбеков еңбектерін еш қысылмастан иеленіп, көшіріп жазып, тіпті сілтеме де жасамастан, өз аттарынан жариялап жүрген жас ғалымдардың диссертация қорғап, Мырзекеңнің мырзалығын белден баса пайдаланып жататынына қынжылыс білдірді. Осы тұста, танымал ғалым Айгүл Ісімақова да Мырзатай Жолдасбеков еңбектеріне «жиендік» жасап, ғылыми атақ алып жүргендерден гөрі, сол қыруар еңбекті көзінің майын тауыса зерттеп, дүниеге әкелген, түркі мәдениетінің ғұмырын екі ғасырға ұзартып берген Мырзекеңе әлі күнге дейін академик атағының берілмеуі үлкен сын екенін айтып өтіп, ел алғысы ретінде ғалымға академик атағын беру ұсынысын ортаға салды.

Жиын соңында сөз алған Мырзатай Жолдасбеков келушілерге алғысын білдіре отырып, мылтықсыз майдан өтінде жүріп, Тоныкөк жазбаларына қатысты ғылыми еңбектері үшін кеңестік биліктен көрген қыспақтарымен қатар, қазақ тілін мемлекеттік тіл ету жолында қылышынан қан тамған Колбинге тайсалмай кіріп, халық талабын жеткізгені, тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік құрудың оңайға түспегені, Елбасы көрегендігі арқылы Оралдағы, Шығыс Қазақстан облысындағы ұлтаралық қақтығыстардың қалай шешілгендігі және басқа да елеулі оқиғаларды еске алып, Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліне айрықша еңбек сіңіргенмен, аттары елеусіздеу қалған мемлекет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков пен Бейсенбай Кенжебаевқа мектеп, көше аттарын беру туралы тілегімен бөлісті. 

Салтанатты шара аясында Мырза-ағаның төл шәкірттері «Ойтолғау», «Қосбасар», «Дүние шіркін...» сынды күйлері мен әндерін орындаса, «бала Жамбыл» атанған жас ақын Жамбыл Дүйсенов арнау өлеңін оқыды. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапхана қорынан Мырзатай Жолдасбековтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»

Egemen.kz

Қазақ радиосы

Қазақтың рухани тірегі, ұлттың үні Қазақ радиосына - 95 жыл. Түп-төркіні сонау 1921 жылдың қазан айынан басталатын Қазақ радиосы талай тарихты бастан өткерді. Сол кезден бастап Орынбор қаласынан бүкіл республикаға трансляция беріле бастады.

Қазақ радиосы хабарларды біртіндеп тақырып бойынша топтастырды, дербес және тектес ақпараттарға бөлу нәтижесінде журналистік електен еткізді. Сөйтіп, республикалық эфирден үңдеулер, шақырулар, деректер, нұсқаулар, мәліметтер, жаңалықтар үзбей жиі берілетін болды. 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қызылорда қаласында Қазақ радиосы өз хабарларын тұрақты беруді одан әрі жалғастырды.

Алматы радиостанциясы 1931 жылы 1 мамырда ашылды. 30-шы жылдар Қазақ радиосының даму жылдары болды. Радиожурналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде нығайып, бекіді.

Бүгінде Қазақ радиосы тәулік бойы 9 тілде хабар таратады: қазақ, орыс, неміс, ағылшын, корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік және татар тілінде. Аптасына 148 хабар эфирге шығады.

Қазақ радиосының жанрлары бойынша пайыздық айырмашылығы:

  • Ақпараттық-сараптамалық - 18 пайыз;
  • Қоғамдық-танымдық - 25 пайыз;
  • «Достық» бағдарламасы - 3 пайыз;
  • Әдеби-сазды - 17 пайыз;
  • Балаларға және жастарға арналған - 5 пайыз;
  • Мұрағат - 5 пайыз;
  • Музыка - 25 пайыз;
  • Жарнама - 2 пайыз;

Әр тоқсан сайын Қазақ радиосының әуе толқынынан «Астана-Мәскеу» («Радио России» радиостанциясымен бірлескен жоба), «Астана-Минск» (Беларусь радиосымен бірлескен жоба), «Астана-Бішкек» (Қырғызстан радиосымен бірлескен жоба) радиокөпірлері эфирге шығады.

Қазақ радиосының «Радио России» және «Мир» радиосымен бірлескен жобалары:

  • «Ой бөлістім халқыммен», 12-бөлім (Мәтінін оқыған СССР халық әртісі Владимир Андреев);
  • «Н.Назарбаев. Автобиография», 28-бөлім (Мәтінін оқыған СССР халық әртісі Василий Лановой)
  • «Волоколам тас жолы», 134-бөлім (Мәтінін оқыған СССР халық әртісі Виктор Татарский);
  • «Это мы» (ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағындағы маңызды және мәдени жаңалықтарға шолу);

Аптасына 2 рет «Айтөбел» бағдарламасы аясында радиоконференциялар өтеді. Дүйсенбі-жұма аралығында сағат 11:35-те әуе толқынына шығатын «Қас-қағым» радиоойынының жеңімпаздары сыйлықтармен марапатталады.

Қазақ радиосының  ресми сайты http://kazradio.kz 2006 жылдың 08 тамызынан бері интернет кеңістігінде. Онлайн трансляция 2011 жылдың 18 шілдесінен бері жұмыс істейді.

Қазақ радиосының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жобалары:

  • «Жылдар мен ойлар». 30 хабар. Елбасы Н.Назарбаевтың әр жылдарда жарық көрген кітаптарынан, мақалалары мен сөйлеген сөздерінен іріктеліп алынған толғамдары мен қанатты сөздері.
  • «Тәуелсіздікті жырлаймын». Қазақ радиосы, «Chevron» компаниясы және «WikiBilim» қоғамдық қорының бірлескен жобасы;
  • «Тәуелсіздік шежіресі». 50 хабар;
  • «Зарубежные послы о Казахстане» («Елшілер Қазақстан туралы»). Радиоәңгіме;

Қазақ радиосының 95 жылдығы мен «Шалқар» ұлттық радиосының 50 жылдығына орай ел өңірлерінде «Қазақ радиосын тыңдап, қазақша сөйлейміз!», «Біз радиомен біргеміз!» акциялары өтіп жатыр. Акция аясында Шымкент қаласындағы облыстық қуыршақ театрында, «Бал Текстиль» кілем фабрикасында және қоғамдық орындарда, сонымен қатар, Қарағанды гуманитарлық колледжінде Қазақ радиосы сайрап тұр.

2016 жылы 28 маусым - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай ҚР Президенті Н.Назарбаев әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асырудың барысын, мемлекеттік тілді және ұлттық мәдениетті дамыту мәселелерін жан-жақты жариялап, көрсеткені үшін Қазақ радиосының шығармашылық ұжымына Алғыс жариялады.